Ерте жастан ағылшын тілін оқытудың маңызы мен ерекшеліктері

Елеужанова Акмарал Куанышпековна

 

Әлемде қанша ұлт, нәсіл болса, соларды бір-бірінен даралап тұратын басты бойтұмары – туған тілі. «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті»,-деп Ахмет Жұбанов тілдің адамзат өміріндегі маңызын айтқан.
«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз».

Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде, бірақ қазақ тілімен қоса ағылшын, орыс тілдерін білуге балаларды ынталандыру қажет.

Баланы шет тілінде қарым-қатынас жасап, сөйлеуге ерте жастан бастап үйрету қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі.

Бүгінгі білім беру жүйесі модернизацияланған заманда көп тілді меңгертуге аса назар аударылып, жан-жақты жол ашылған.
Үштілді оқыту – заман талабы.   «Үш тұғырлы тіл» — қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар қойып, жарыстыру емес. Керісінше, бұл әр тілді өзіне лайықты орнымен қажетіне қарай лайықты пайдалану деген сөз.  Үштілділік – бәсекеге қабілетті елдер қатарына апарар басты баспалдақтардың бірі.
«Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті.

Шет тілін үйрету-қиын да, қызықты жұмыс. Қазіргі кезде ұстаздарға қойылып отырған талап жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы және терең білім беру, оқушылардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіру. Шет тілін оқыту процесінде тілді дұрыс үйрету, ауызша сөйлеу, сауатты жазу, мәнерлеп оқу өте маңызды.

Ғалымдарымыздың зерттеуінше, бала  жас кезінде тілді қиналмай еркін менгереді. Осы ретте Білім және Ғылым министрлігінің ағылшын тілін ерте жастан бастап үйретуге назар аударуы-дұрыс талап. Бүлдіршін жаста меңгерілген білімнің іргетасы берік, мықты болады деп ойлаймын.

Балқаш қаласының №15  мектеп-лицейі  КММ «Таңшуақ» шағын орталығы «Үш тұғырлы тіл» бағыты бойынша жұмыстанады.

Мақсаты: мектеп жасына дейінгі баланың жеке тұлғасын, ішкі жан дүниесін қалыптастырып, көзқарасын дамыту және ауызша қатынастың алуан түрлі құралдары арқылы мектеп жасына дейінгі көптілді тұлғаны тәрбиелеу.

Мектепке дейінгі жаста ойын  жетекші әрекет екені бәрімізге мәлім.

«Баламен ойнай отырып  үйретсе бала сол тілдердің барлығында еркін меңгеріп кетеді» –дейді академик,профессор Ш.А.Амонашвили.

Менің ұйымдастырылған оқу қызметімде оның маңызы зор.Себебі ойын үстінде сөйлемейтін, нашар оқитын оқушының өзі өзін жан-жақты көрсеткісі келіп, сыныптастарымен, ұстазымен қарым-қатынасын жақсартады, сөйлеу дағдысын байқатады. Ойын баланың жеке ерекшелік қасиеттерінің дамуына, ішкі жан дүниесінің жаңаруына, пәнге деген қызығушылығын оятады.

Қандай да болмасын ойынды өткізгенде, алдымен оны жоспарлап аламын. Ол  өтілетін сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сәйкес келуі қажет. Оған бөлінетін уақытты, ойын ойнаудың формасын, қажетті материалдарын түгел дайындап қоямын.

Балабақша балдырғандарына ағылшын тілін қызықты етіп өткізу үшін мынадай ойын түрлерін қолданамын:

  • Фонетикалық ойындар;
  • Сөздік ойындар;
  • Сөйлеу қабілетін дамытуға арналған ойындар;
  • Сергіту ойындары;
  • Сан есімге байланысты ойындар;
  • Дидактикалық мақсаттағы ойындар.

Ойынның бір ерекшелігі, ол оқушылардың сабақта өздерін еркін ұстауына, ойларын қысылмай айтуға жағдай жасайды.

Сонымен қатар бұл жастағы балаларда ағылшын тілі сабағын тақырыппен байланыстыру мақсатты болып есептеледі. Мысалы, «Numbers. Happy birthday» атты ұйымдастырылған оқу қызметінде балалар Мики Маустың туған күніне келеді және сабақтың соңына дейін сол туған күн иесімен ойнап, кішкене тышқан Джерриге көмектесу үшін бірнеше тапсырмалар орындады. Осындай жолмен тіл оқыту мақсаты 5-6 жасар баланың өмір сүретін әлемімен байланысып сай келіп тұрады. Бұл таза қызығушылық, жаңаны білу және өзінің қатарлас достарымен ойнауға деген құштарлық сезімге толы ертегі, қызықты әңгімелер мен өлеңдердің әлемі.

Балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту ісінің бір ерекшелігі көрнекіліксіз іске аспайды. Сондықтан да әрбір ұйымдастырылған оқу қызметінде көрнекілікті басшылыққа ала отырып жұмыс істеймін.  Ашық, түрлі-түсті көрнекілік кіші жастағы балаларды оқытудағы таптырмас көмекші. Жаңа лексикалық бірліктерді суретпен немесе әсем көрнекіліктермен байланыстыра отырып түсіндіремін. Ол белгілі бір іс-әрекетте қолданылып көрсетілсе бала өте тез меңгеріп кетеді.
Белгілі бір тақырыпқа байланысты сөйлеу қабілетін қалыптастыруда әртүрлі таратпа материалдарды, ойыншық, жиһаз, ыдыс-аяқ, киім, яғни балалардың барлық ойнағанда жақсы көретін заттарын пайдалану үлкен көмегін тигізеді.

Ағылшын тілін үйрету барысында музыканың да ықпалы зор. Әрбір ұйымдастырылған оқу қызметін әнмен байланыстыруға тырысамын және жас ерекшеліктерін ескеріп таңдап аламын.  Ән тілдік қарым-қатынас құралы ретінде жаңа сөздер мен сөз тіркестері құралып оқушының сөздік қорының көбеюіне ықпал етеді. Өлең тыңдау кезінде таныс лексика оқушы есінде тез жатталатындықтан, шет тілінде ән айтып үйрену барысында оқушы дыбыстарды дұрыс атап үйренеді, сөйлемге дұрыс екпін қояды. Әнмен жұмыс барысында оқушының көңіл күйі көтеріліп, тілге деген қызығушылығы арта түседі.

Егерде тақырыптық бірлік бірнеше сабаққа созылса, балалардың әрекетін міндетті түрде түрлендіріп, жұмыс түрін өзгертемін. Балалар бірсарынды сабақтардан шаршап кетпес үшін оқу қызметінің ортасында  «Hands up, hands down», «Clap your hands», «One little finger», «Head and shoulders» сынды динамикалық паузалармен, қозғалыс элементтерімен көңілдерін аулауға тырысамын.

Шет тілін ерте жастан оқытудың тиімділігі балалардың пәнге деген қызығушылығымен бірге олардың іс әрекеттерге түгел атсалысатындығы, бәсекеге қабілеттілігі, бір — бірінен қалғысы келмей емін — еркін, сөздерді қайта — қайта айтуда бір — біріне ықпалдарының әсер етуі жақсы нәтижелерге жетелейді.

Бұл пәнді оқытудағы қиыншылықтарға тоқталатын болсақ, алдымен

  • өзге тіл және ұйымдастырылған оқу қызметінен басқа сөйлейтін орта жоқ болғаннан да болар балалардың үйренгендерін тез ұмытуы;
  •  кейбір балалардың тіл сындыру жаттығуларында тілдерінің келмеуі;
  •  жаңа технологияларды енгізуге байланысты материалдық — техникалық базаның талапқа сай келмеуі.

Менің ойымша, мектеп жасқа дейінгі балаларға шет тілін оқытуда лингофонды кабинеттердің, электронды оқулықтардың, ата-аналарға арналған арнайы нұсқаулықтардың ықпалы зор болар еді.

Мұндай инновациялық технологияларды пайдалана отырып, оқыту барысында айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым дағдылары біртіндеп дамиды. Тыңдауға үйрету мүмкіндігінше әрбір сабақта жүріп, бала мұғалімнің, достарының айтқанын тыңдап түсіне алады.

Сонымен қатар электронды оқулықтарды пайдалану арқылы оқушының шығармашылық қабілетін арттыруға, танымдық көзқарасын қалыптастыруға, өзіндік жұмыстарды тез орындауға машықтануына негіз қаланады.

Электрондық оқулықта әр тақырыпқа арналған анықтамалық сөздік, тарау бойынша дайындалған  сұрақтар, тапсырмалар оқушыларды осы бағытта жұмыс істеуге дағдыландырар еді.

Қазақтың қахарманы Б.Момышұлы: «Қолына қалам ұстаған әр азамат ана тілінің қорын игерумен бірге, басқа тілдердің де асыл қазынасынан сусындауы, оны кәдеге жарата білуі абзал» дегендей қазіргі кезде ағылшын тілін ерте жастан меңгертудің маңызы зор.

Қорыта айтатын болсақ,  көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру  тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы, чтобы разместить комментарий.