«Компьютер және біздің денсаулығымыз» тақырыбында өткізілген менің инновациялық сабағым

Мухатаева Назира Далибековна

 

Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі.

 Ян Коменский

         «Өзіңнен  өзіңді ізде, өзіңе өзің бағын, өзіңді өзің тани біл», — дегеніндей, әр бір мұғалім өзінің бала болғанын, өзінің ата-ана екендігін, өзінің оқытушы болып қалыптасып келе  жатқанын ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырса, өзге алдындағы жауапкершіліктің сыры бірден айқындала бастайды. Біз — мұғалімдер  шәкірттеріміздің  бізді қаншалықты жоғары бағалап қарайтынын есімізде сақтасақ, біздің балаларға тигізетін ықпалымыз соншалықты күшті болар еді, біздің  әрбір мақтауымыз балаларды шаттандырады,  әрбір ескертуіміз баланың жүрегіне терең орнығады, демек, баламен кездескен сәттен бастап, олардың үйіне қайтатын уақытына дейінгі кезеңде баламен тікелей қарым-қатынаста екенінімізді, олармен ішкі сезіміміздің байланыста болатынын бір сәт естен шығармағанымыз абзал. Сонда ғана ел білікті, парасатты, жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеу ісінде едәуір табыстарға қол жеткізе аламыз демекпін.

Қазіргі кезде біздің қоғамымыз дамудың жаңа кезеңіне көшті, бұл кезең ақпараттық кезең, яғни компьютерлік техника мен оған байланысты барлық ақпараттық коммуникациялық технологиялар педагогтар қызметінің барлық салаларына кірігіп, оның табиғи ортасына айналып отыр.

Ақпараттық коммуникациялық технологиялардың келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы аса мол.
Жедел дамып отырған ғылыми –техникалық прогресс қоғам өмірінің барлық салаларын ақпараттандырудың ғаламдық процесінің негізіне айналды. Ақпараттық технологиялық дамуға және оның қарқынына экономиканың жағдайы, адамдардың тұрмыс деңгейі, ұлттық қауіпсіздік, бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтағы мемлекеттің рөлі тәуелді болады. Тұтас дүние қалыптастыру мен қоғамдастықтар, жеке адам мен бүкіл дүниежүзілік қоғамдастықтың өмір сүруі үшін жаңа жағдайларды қамтамасыз етуде ақпараттық –коммуникациялық технологиялар маңызды рөл атқарады. Білім беру саласында электрондық байланыс жүйелерінде ақпарат алмасу, интернет, электрондық пошта, теле-конференция коммуникациялық жүйелер арқылы іске асырылуда. Әрине қазіргі кезде компьютердің пайдасы шексіз, бірақ оның зиянды жақтары да бар.

7 «А» сыныбында өткізілген «Компьютер және біздің денсаулығымыз» тақырыбындағы семинар-сабаққа тоқталсам деймін.

Мақсаты: оқушылардың компьютермен қанша уақыт өткізетінін және компьютердің   оқушылардың денсаулығы мен оқу танымдық қызметіне әсерін анықтау, алдын алу шараларын ұйымдастыру, сақтау ережелерін жеткізу.

Көрнекіліктер:денсаулыққа байланысты мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, компьютердің адам денсаулығына кері әсерлері туралы тақырыпқа байланысты кітапшалар, баспада жарияланған материалдар, қауіпсіздік техникасын сақтау және көзге жаттығулар жаднамалары.

Сабақ барысы:

Сабақты компьютер қолданылатын салалар мен оның пайдасы туралы айтудан бастадым.

  1. Оқушылардың компьютерге қаншалықты тәуелді екенін анықтауға байланысты сауалнаманы американдық психологі Джефа жаттығуын қолдана отырып өткіздім, яғни берілген сұрақтарға – «Ия» (тұрулары керек), «Жоқ» (орнында отырады), «Мүмкін» (қолдарын көтереді)

Сауалнама

 

  1. Сіз компьютердің денсаулыққа қаншалықты зиян екенін білесіз бе?

а) ия б) жоқ в) бұл туралы айтып жүргендердің бәрі өтірік

  1. Үнемі ойын ойнағыңыз келіп тұрады ма?

а) ия; б) жоқ; в) әрқалай

3.Ойыннан оңай қол үзе аласыз ба?

а) ия  б) жоқ  в) білмеймін

  1. Компьютер алдында отырып шәй ішіп, сабақ оқисыз ба?

а) ия  б) жоқ  в) әрқалай

  1. Үйге келісімен сіз компьютерге отырасыз ба?

а) ия   б) жоқ

  1. Компьютеріңіз бұзылып қалған жағдайда қатты ызаланасыз ба?

а) ия  б) жоқ

  1. Сізге компьютерге отыруға рұқсат бермеген кездерде сөзге келіп қалған кездеріңіз болады ма?

а) жоқ б) ия

8.Сіз көзге жаттығу жасайсыз ба?

а) ия  б) жоқ  в) мен ол туралы хабарым жоқ


Мұғалімге сөз өз ойын сапырылыстырып айту үшін берілмейді, басқаның ойына қозғау салу үшін беріледі.

 В. Ключевский

 

Компьютер және біздің денсаулығымыз

 

  1. Компьютердің адам ағзасына әсері туралы не айта аласыңдар деген сұрақ төңірегінде талас-тартыс. Барлық оқушылар белсене қатысып, әр оқушы өз көзқарасын айтуға тырысты, маңызды дәлелдемелер де келтіріп жатты. (Әңгіме-дебат) түрі қолданылды.

Бір топ  компьютердің зиянды әсері жоқ, қанша отырсаң да еш жерім ауырмайды – деп те жатты. Ал келесі топ  бір-біріне  дәлелдемелер келтіріп зиянды жақтарын айтты.

Мұғалім:сендер әлі жассыңдар, жылдар өте өздерің көз жеткізесіңдер, бірақ алдын алу міндетіміз. Компьютерде қысқа уақыт ойын ойнаудың өзі оқушының сезім мүшесіне қауіп тудырады, ал ұзақ уақыт монитор алдында отыру денсаулыққа зор зиянды әсерін тигізеді.

Дәрігерлер «баланың ұзақ уақыт тап­жыл­­­май, компьютердің алдында отыруы ой-өрісінің дамуын шектеп,  оның мінез-құл­қы­ның өзгеруіне, логикалық ойлау қа­­бі­ле­тінің бірте-бірте төмендеуіне әкеліп со­ғады» дейді. Соның кесірінен баланың ақыл-ойы те­же­леді. Дәрігер қауымы «ақы­л­ды» жә­шік­тің жас балаға кері әсерін бы­лайша жіктейді…(Слайдттар, суреттер және бейнекөріністер көрсету)

Сонымен компьютер алдында ұзақ отыратын  адам ағзасына залалын тигізетін факторлар мынандай:

  • сколиоз (омыртқа буынының қи­саюы) омыртқа ауруына шалдығуы;
  • электромагниттік  сәуле бөлінуі;
  • саусаққа түсетін салмақ;
  • құлақтың есту қабі­летін төмендетеді,
  • баланың ұйқысы бұзы­лып, асқа тәбеті болмайды
  • ұйқысы қан­баған баланың зейіні төмендейді
  • Миопия (көз жа­нарының алыстан немесе жақыннан кө­ру қабілетінің төмендеуі ;
  • ақпарат жоғалтқан жағдайдағы жүйкеге түсетін салмақ өршиді.
  1. Келесі кезекте өз мектебіміздің дәрігерінен алынған мәліметтермен таныстырдым


Миопия:

2012 жылы – 41 оқушы

2013 жылы – 49 оқушы

2014 жылы – 50 оқушыны құрады

3 сыныпта (миопия):     

2013 ж – 10 оқушы (3 сынып)

2014 ж — 9 оқушы ( 4 сынып)

8 сыныпта:

2013 ж – 12 оқушы (7 сынып)

2014 ж — 17 оқушы (8 сынып)

9 сыныпта:

2013 ж – 7 оқушы (9 сынып)

2014 ж — 5 оқушы (10 сынып)

Мектеп бойынша семіздік:

2013 жылы – 12 оқушы

2014 жылы 19 оқушы

Сколиоз (омыртқа буынының қи­саюы) омыртқа ауруына шалдығуы

Мектеп бойынша:

2013 жылы – 7 оқушы

2014 жылы – 7 оқушы

Мынадай көрсеткіштерді көрген оқушылар шын мәнінде ойланып, компьютердің пайдасы мен зиянды жақтарының да көп екенін байқады.

 

Сол себепті сұрақтар туындады.

Нашар ұстаз шындықты қайталайды, жақсы ұстаз сол шындықті іздеп табуға үйретеді.

 А. Дистервег

Компьютер және біздің денсаулығымыз

Ендеше бұл сұрақтың жауабын өздері табу керек екенін айтып компьютердің құрылғыларын атау арқылы  топтарға бөліп, әр топқа тапсырма бердім. Интернет жүйесін қолдануға рұқсат берілді, қосымша кітапшалар таратылып берілді. Оқулық қолдануға болады.

1 топ: Аурудың алдын алу шаралары.

2 топ: Көз және желке шаршағанда жасалатын жаттығулар.
3 топ: Жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру.

 

Әр топ өз жауаптарын басқа топ оқушыларына практикалық жүзінде қолданып, көрсетіп түсіндірді. Қытайдың бір нақыл сөзінде: «Маған айтшы – мен ұмытып қаламын; маған көрсетші менің есімде қалады; өзіме істетші – мен сонда түсінемін» — деп бекер айтпаған болды, бүгін оқушылар  өздері іс- жүзінде  дискуссияға қатысып, осы тақырып бойынша қосымша материалдар іздеп, бір-біріне практика жүзінде көрсете отырып болашақта компьютерді тиімді, әрі денсаулыққа зиянын түсірмейтіндей жолдарды, ережелерді қолданып , өз денсаулықтарын сақтайтын болады деп ойлаймын.

1 топ:
Компьютер және біздің денсаулығымыз

2 топ

Компьютер және біздің денсаулығымыз

Рефлексия: оқушылар сабақ туралы өз ойларын стикерлерге жазу арқылы білдірді.

Компьютер және біздің денсаулығымыз

Үйге тапсырма: тақырып бойынша қосымша материалдар жинақтау.

Қорытынды: семинар барысында оқушылар компьютердің адам жұмысын әлдеқайда жеңілдететініне көз жеткізді. Соған қарамай бала денсаулығы мен оқуына кері әсерін тигізетінін білді. Виртуальды әлемге жан-тәнімен енген бала шынайы әлемде өмір сүруді ұмытады, сондықтан үлкендер балаларға бұл машинаның пайдасы мен қаншалықты зиянды екенін түсіндіріп отыру керек. Балалар жаман ықпалға тез көнігеді. Міне осы мәселені оқушыларға дұрыс жеткізе білген ұстаз — нағыз ұстаз. Егер мұғалім оқушыларды жан-тәнімен сүйсе, өз мамандығын сыйласа, әр түрлі технологияларды тиімді, орынды қолдана білсе, оқушыларды қызықтыра алса ғана нәтижеге жетеді.

Жақсы үлгі-өнеге көрсеткенде ғана адамның қолы биік арманға жетеді. 

С. Цвейг

ПОДЕЛИТЬСЯ

Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы, чтобы разместить комментарий.