Латын әліпбиі – елімізді әлемдік өркениетке бастар жол

Керимбекова Айнура Сабитовна

 

Ryh`ani` jan`g`yry`: latyn a`lipbi` — bolas`ag`ymizdin` bastay`y.

Латын әліпбиі – елімізді әлемдік өркениетке бастар жол
    Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі әлемдік геосаяси кеңістікте кеңінен танылып, дүниежүзінің саяси картасынан егемен мемлекет ретінде өзінің лайықты орнын алды. Еліміз әлемдік қауымдастық қатарында егемен ел ретінде дербес саясат жүргізе отырып, саяси-экономикалық және рухани салада ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып, өзінің жаңа даму кезеңі мен жаңару үдерісін басынан кешіруде.
Латын әліпбиі – елімізді әлемдік өркениетке бастар жол

Бүгінгі ғаламдық жаһандану үрдісіндегі латын әліпбиі негізіндегі жазудың басымдық сипаты мен қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртатындай жаңа жазудың қажеттігі еліміздегі әліпби жүйесіне реформа жүргізудің өзектілігін көрсетті. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру» туралы жарлыққа қол қойып, қоғамда кең талқыға түскен көкейкесті мәселеге нүкте қойып, бір арнаға салды. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі ресми бекітілді. Енді Жарлыққа сәйкес қазақ әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңмен көшуі қамтамасыз етіледі. Латын әліпбиіне көшудің қазақ тілінің дамуындағы өзектілігі мен маңыздылығы жалпы қоғам мен ғылыми ортада кеңінен талқылануда. Бұған қосымша бұқаралық ақпарат құралдарында  көптеген ғылыми –әдістемелік мақалалар, жекелеген авторлар құрастырған әліпби үлгілері де жарияланды. Солай бола тұрғанмен қоғамды латын әліпбиіне байланысты әлі де мазалайтын сұрақтар бар. Соның бірі, жекелеген адамдар үшін болашақта қазақ қоғамы тұтас латын тілінде сөйлеуге көшетін тәрізді түсінік бар, басты мәселе, қазақ әліпбиіне жүретін реформа екендігін, оны жаңғыртуға, яғни қазақ тілінің латын қарпіне көшуі туралы болып отырғанын көрсеткім келеді.

Жалпы қазақ әліпбиі мен жазуын латын қарпіне көшіру мәселесі кенеттен пайда болған, таңсық мәселе емес, еліміздік егемендік алған алғашқы жылдарынан бастап-ақ ғылыми ортада ұсыныс ретінде көтеріліп, қазір Ұлттық жаңғыру бағытында атқарылатын маңызды шаралардың бірі ретінде аталып өтуде.

Кез-келген құбылыстың, заңды іс-әрекет пен шараның белгілі ғылыми негізі болатындығы белгілі. Ал, ғылым–адамзат баласының ақыл-ойы, санасы жемісінің қайнар бұлағы, заңғар шыңы екені ақиқат, бұл– дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ғылымның рухани және материалдық саладағы жеткен табыстары мен жетістіктері адамның нәсілі, ұлты, тілі мен дініне қарамастан ортақ рухани құндылық болып саналады. Адамзат баласының қарапайым алғашқы қауымдық қоғамнан бүгінгі озық технология дамыған өркениетті заманға жетуі тек ғылымның арқасы. «Оқу инемен құдық қазғандай»-демекші, көз майы мен ынта-жігерін тауысып ғылыми жаңалықты ашу бар да, оны дәлелдеп, жариялау бар. Бұл арада алғашқысына қарағанда, соңғысының жүгі салмақтырақ. Себебі, сенің жаңалығыңмен ғылым әлемі оқып, танысып, оны мойындағанда ғана еңбегіңнің жанғаны. Ғылыми ақпарат алмасу үшін жазу-сызу пайда болады. Жалпы ықылым заманнан әлемнің ғылымы мен технологиясы дамыған алдыңғы қатарлы елдері барлық ғылыми-техникалық жетістіктерін тек латын әліпбиінде жазып, таратады, олай болса, латын әріптері – өркениет жазуы, өмір талабы. Қазір дүние жүзінде көп тараған жазу түрлеріне – латын, орыс(криллица), араб, қытай (иероглифтер) жазуы үлгісінде жасалған таңбалар жатады. Ал, латын қарпі  бүкіл дүние тілдерінің тұғыры, «қаңқасы» саналып, қазіргі ағылшын, француз, неміс, италиян секілді өркениет тілдері бастауын сол латын тілінен алады. Ғылымның өзі іргелі және қолданбалы деп екі үлкен саладан тұрып, қоғамдық жүйенің ғылыми тұрғыда дамуының негізгі катализотарлары, жаратылыстану ғылымының іргелі салалары–математика, физика, химия және биологияның барлық таңбалары мен атаулары, теңдеу-формулалары латын таңбаларымен берілгенін көруге болады. Қазақ қоғамы 1940 жылдан кирилица жазу үлгісіне өткенімен латын әліпбиіндегі таңбалардан мүлде көз жазды деп айтуға болмайды. Зер сала, бажайлап қарасақ, латын әліпбиімен мектеп қабырғасынан-ақ жекелеген ғылым салаларын оқу барысында таныс екенбіз. Мектеп бағдарламасындағы ең маңыздыларына тоқталсақ, математикадағы барлық формулалар мен функциялар (сызықтық, квадраттық, тригонометриялық, логарифмдік және т.б), физикадағы Бірліктердің халықаралық жүйесі (ресми қысқаша SІ; СИ), барлық өсімдіктер мен хайуанаттардың халықаралық атаулары латын әліпбимен таңбаланса, биологияның анатомия мен генетика және микробиология салалары ғылыми теорияларын тікелей латын әліпбиі негізінде дәлелдейді. Д.И.Менделеевтің латын қарпімен таңбалаған периодтық заңы химия ғылымының дамуына негіз салып, оның біртұтас ғылым болып қалыптасуында басты рөл атқарды. Бұған география мен тарихты да қосуға болады. Ендеше, орта мектепті бітіргендердің баршасы латын таңбаларын әлденеше рет пайдаланып, оған көздері әбден қанық деуге болады. Ал, латын тілі медицина мен ветеринария саласының басты байланыс құралы болып саналады. Себебі, адам мен жануарлар ағзасын құраушы дене мүшелерінің аты латын тілінде аталады. Дәрілердің халықаралық атаулары латын тілінде болғандықтан, шипашақ (рецепт) жазу да латын тілінде жүзеге асады. Осыған орай әлем дәрігерлері мен ветеринарлары бір-бірімен тек латын тілінде байланысады. Ал, халықаралық дәрежеде өтетін мәдени шаралар мен спорттық ойындар нышандарынан(логотив) бастап, олимпиада ұраны «Citius, altius, fortius»(«тезірек, жоғарырақ, күштірек»), спортшылардың аты-жөні, ойындар нəтижелері де тек латын графикасында екендігін көріп жүрміз.

Жалпы жер бетінде бес мыңға жуық халық бол­са, тек соның 195-інің ғана жеке мемлекеті бар. Оның ішінде халықаралық құқық субъектісі ре­тінде мойындалғаны, яғни БҰҰ қатарына кі­ретіні 193 ел. Латын әліпбиін бес құрлықтың 112 мемлекеті (жалпы құрлықтың 60%),  халықтың 80 пайызынан астам күнделікті байланыс құралы ретінде еркін қолданса, БҰҰ-ның ресми же­текші алты тілі ішінде үш тіл: ағылшын, испан, француз тілдері ла­тын әліпбиін пайдаланады. Сондай-ақ, әлемдік нарықта өздерінің «БРЕНД» тауарларымен жетекші орны бар, Жа­пония мен Корея елдерінің Самсунг, Тойота, Хонда сияқты фирмалары барлық технологиялық, сауда-жарнамалық ақ­паратын мемлекетінің жазу қаріптері басқа(иероглифт)  бола тұра, латын әліпбиіне көшірген.

Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру тек елімізде мемлекеттік тілді дамытуға ғана қызмет етіп қоймай, сыртқы саясат саласында да терең стратегиялық маңызы бар мәселе. Бұл күнде Қазақстан тәуелсіздігін әлемнің 117-і мемлекеті танып, олардың 105-імен дипломатиялық қатынас орнатқан. 60-тан астам мемлекетте еліміздің елшіліктері мен дипломатиялық миссиялар ашылған. Осы елдермен саяси-экономикалық және мәдениет саладағы байланыстарды жүзеге асырудағы екі жақты ресми құжаттарды латын әліпбиі негізінде рәсімдеуде қазақ тілінің маңызы артып, әлемдік қоғамдастық қажет еткен заманауи коммуникация тіліне айналады.

Сондай-ақ ана тіліміздің қолданыс аясы халықаралық деңгейге көтеріліп, латын әліпбиі арқылы қазақша мәтінді кез-келген шетелдік оқи алатын мүмкіндік ашылады. Мысалы, қазір ел атауының Қазақстан деген қазақша, Казахстан деген орысша және осылар транскрипсиясы негізінде Kazakhstan деп ағылшынша, яғни үш тілде жазып жүрсек, латын әліпбиіне көшкен жағдайда, тілдік ерекшелігіміз негізінде, жалпыға ортақ Qazagstan деп жазуға мүмкіндік ашылады. Бұл өркениетті қоғам көшіне ілесудің ұтымды жолы. Жалпы, латын әліпбиі бізге таңсық, тың дүние емес, ол бүгінгі қазақ қоғамына қазіргі жаңа технологиямен бірге терең еніп кеткен. Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін тіл-латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Қазір әр адамның жеке электрондық поштасы бар. Ол тек латынмен жазылған. Ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Бұл күнде жекелеген мемлекеттік мекемелер латын әліпбиін күнделікті коммуникация тіліне айналдырып үлгерді, мысалы,  ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенша жағдайлар жөніндегі комитеті дабылды ескертулерін азаматтардың ұялы телефондарына латын әліпбиінде жіберсе, еліміздегі еліміздегі ең ірі медиақұрылым – «Қазақстан» РТРК»  АҚ өз логотипін «Qazaqstan» деп өзгертіп үлгерді. Барлық көлік түрлерінің мемлекеттік тіркеу нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Жеке бас куәлігіміз бен төлқұжатымыз да латын әліпбиінде дайындалған. Мұндай мысалдарды бүгінгі өмірімізден көптеп келтіре беруге болады.

Қазір кешегі Кеңестер Одағы құрамында болған түркі тілдес мемлекеттер арасында екі-ақ ел: Қазақстан мен Қырғызстан ғана кириллица аясында қалып отыр. Қазақтың титулды ұлт ретінде егемен елінде өз ана тілі, тарихи санасы мен дәстүрін дамытуда латын әліпбиінің туғызар мүмкіндігі ұшан-теңіз, ол-ықылым заманнан ғылым, бүгінде технологиялар тілі, оған көшу – уақыт талабы.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы, чтобы разместить комментарий.