Мәңгілік ел – мәңгілік Қазақстан

Кадирова Лаззат Есеновн

Аңдатпа: Мақалада қазіргі заман жағдайында өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие берудің өзектілігі айқындалып, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, адамгершілікті рухани тірегіне айналдырған, үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу міндеті қарастырылады.

Сонымен қатар рухани жаңғырудың бағыттары мен оның қоғамда біріктіруші фактор екендігі айтылады. Замана ұрпақтарының рухани сабақтастығы баяндалып, жаһандану жағдайында қоғамдық сананы қалыптастыру жолдарын зерделейді. «Отан» , «Ел», «Туған жер» дейтін түсініктердің маңызын түсіндіреді.

«Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіну мақсатында, Елбасының 2014 жылы 17 қаңтарда қабылданған «Мәңгілік Ел» актісі ұғымының маңызы осы мақалада түсіндіріледі.

Мәңгілік ел деген ұғымның – мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану екендігі айқындалып көрсетіледі.

«Мәңгілік Ел» патриоттық актісінде қарастырылған мәселелер бойынша патриотизмге тәрбиелеу – ұлттық қауіпсіздік жүйесімен шектесетін ең өзекті мәселелердің бірі екені мәлім. Осы ретте жалпыұлттық идеяны түсіндіру барысында тәрбие іс-әрекеттерінің жұмыстары көрсетіледі. Яғни,  тәрбие іс-әрекетінде, сыныптан тыс оқытуда, аталған бағыттар бойынша жұмысты күшейтудің қажеттігі қарастырылады.

Мәңгілік Ел идеясы арқылы  – қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ  еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатыны атап өтіледі.

Мәңгілік Ел идеясы – қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ  еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясы. Яғни, осы бағытты орындай отырып, оқушылар бойына рухани, мәдени, ұлттық қасиеттерді қалыптастыру.

Негізгі сөздер: жас ұрпақ, рухани-адамгершілік тәрбие, ынталандыру, қабілет, мәңгілік ел, қоғамдық сана, дәстүрлер бірегейлігі.

Қазіргі тіл ғылымы тарихының өз іргетасы қаланып, Тәуелсіздік кезең тұрғысынан кеңінен зерттелуде. Тәуелсіздік нәтижесінде еліміздің қоғамдық, рухани-мәдени өмірінде оң өзгерістер туып, тарихтың «ақтаңдақ» беттері қайта ашыла бастағаны белгілі. Әсіресе, тіл және қазақ әдебиетінің өшкені жанып, ұмытылған қайта жаңғырды. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру – үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді»,-деп туған халқымыздың әдеби, мәдени, тарихи, рухани, ұлттық құндылықтарын бар болмыс-бітімімен қабылдау үшін оның шығу тегі мен тарихи даму сатыларын мұқият қарастыру үшін оның шығу тегі мен тарихи даму сатыларын мұқият қарастыру қажеттілігін атап өткен болатын. Осы орайда бәсекеге қабілетті адамзаттық капиталы бар елге апарар жол, жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына жеткізер жол, өмірдің мүлде басқа сапасына қол жеткізер жол ұлттың рухани-адамгершілік түлеуі арқылы ғана ашылмақ. Бұл бүгінгі күннің бұлжымас аксиомасына айналуы тиіс.

Осы ретте, 2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезекті халлыққа Жолдауын: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»,-деп бастаған болатын. Елбасының осы сөздерінде өзімізді елең еткізген жаңалық – тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы болатын.

Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес. Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу.

«Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіну мақсатында осы ұғымға тереңнен зейін қойып, танысқым келді. Себебі оның тарихи негіздерін жетік білу біз үшін маңызды. Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел – түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк негізін қалаған идея…» екендігін жазған. Мәңгілік ел – мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда.

Мәңгілік ел дегеніміз – мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады.

Мәңгілік Ел идеясы – қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатынына сенуге болады.

Ел мен Тіл – егіз ұғым. «Мәңгілік» сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгілік өлмейтін асыл қазынамыздың бірі – Ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын Мәңгілік тілі болуы шарт. Ол жұмыр жерден ойып тұрып орын алған, ұлан-ғайыр даласы бар, қазақ елінің мемлекеттік тілі — Қазақ тілі. Елбасы өз жолдауында мемлекеттік тіл саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала келіп, «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» [1, 6 бет].

Мәңгілік ел дегеніміз не? Әрине, жалпыға ортақ еңбек қоғамы, еңбексіз игілік келмейтінін ұғыну, жас ұрпаққа ұтымды тәрбие мен білім беру, халықтың бірлігі мен ұғыныстығы, өз мемлекетінің әрбір қадамын қуаттауы деген сөз. «Қазақстан – 2050» стратегиясына апарар бағытты жан-жақты бекемдеген Ұлт жоспары бізді соған шақырары даусыз[2, 2 бет].

Жастар — мемлекетіміздің болашақ тағдырына жауапты ұрпақ. Бүкіл әлемдік қауымдастықта жастар әлеуметтік өзгерістердің маңызды субъектісі, қоғамның адамгершілік деңгейінің барометрі, өте үлкен инновациялық күш пен стратегиялық ресурс ретінде қарастырылады. Сондықтан біз жастарымыздың, әсіресе студент жастардың ұлттық сана-сезімдері, соған сәйкес елжандылық қасиеттерінің қандай деңгейде қалыптастатынына немқұрайлы қарай алмаймыз. Болашақ жоғары білікті мамандардың биік ұлттық сана-сезімін қалыптастыру Қазақстан ЖОО-ларында «Мәңгілік Ел» пәнін енгізуді талап етеді. Ұлттық сана-сезім тұлғаның күрделі құрылымдық білімі ретінде оқыту мен тәрбиенің әсерінен қалыптасады, оның мазмұнымен, оқытудың бағыттылығы мен әдістерімен анықталады, ол теориялық және қолданбалы мәнге ие дербес ғылыми пән объектісі болуы тиіс. Осы мәселені шешуде «Мәңгілік Ел» пәнін міндетті пән ретінде орта мектеп деңгейінде ғана емес, жоғары мектепке де енгізу аса құнды рөл атқарады. «Мәңгілік Ел» пәнінің атауын белгілеу барысында авторлар Президенттің Қазақстан халқына арнаған соңғы екі Жолдауындағы шешімдерді негізге алды: 1) «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін жасау және қабылдау туралы сөз болған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» (17 қаңтар, 2014 ж.). Мемлекет басшысы «Мәңгілік Елді» ұлттық идея деп атай отырып, барша қазақстандықтарды «Қазақстан – 2050» Стратегиясының негізгі бағыттарын жүзеге асыру бойынша жұмыстарға өз жұмыс орнында белсене атсалысуға шақырды; 2) «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы тек «Қазақстан — 2050» Стратегиясының идеялық тұғырнамасы ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақ мемлекеті қалыптасуыныңИ мызғымас идеялық негізіне айналуы керек екендігі туралы сөз болған «Нұрлы жол – болашаққа жолдауы» (11 қараша, 2014 ж.). «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізгі стратегиялық бағыттарына сәйкес қоғам сұранысына сай ұлттық сана-сезімі жоғары деңгейде қалыптасқан кадрларды дайындау саласында біртұтас саясатпен қамсыздандырудың өзектілігі артып келеді. «Мәңгілік Ел» пәнінің идеясын халық дәстүрі мен отандық мүдде туралы толық түсінікті қалыптастыратын, әлеуметтік-мәдени кеңістіктегі қазақ болмысының мән-мағынасын ашып беретін, атамекенде еркін де бірдей өмір сүретін адамдардың ішкі рухани және қоғамдық өмірін айқындайтын ұстанымдар құрайды. Бұл нысан қазақ елін тұлғалық, ұлттық, мeмлeкeттік, қоғамдық құндылықтармен толықтыруды міндет тұтады[4,7 бет].

Патриотизмге тәрбиелеу – ұлттық қауіпсіздік жүйесімен шектесетін ең өзекті мәселелердің бірі. Еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев біздің еліміздің ұзақ мерзімді даму әлеуеті шеңберінде абзал міндеттерінің бірі ретінде қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың міндеттерін айқындап берді. Елбасы жыл сайынғы өзінің жолдауында жастардың патриоттық тәрбиесіне баса назар аударады. Елбасының тапсырмасымен «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі əзірленді. Бұл құжаттың мемлекеттік маңыздылығы Қазақстан білім ұйымдарының басшыларын, мұғалім-практиктерді патриоттық тәрбиенің жеті қағидаты формасындағы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенді кірісуге міндеттейді. Тәрбие іс-әрекетінде, сыныптан тыс оқытуда, аталған бағыттар бойынша жұмысты күшейтудің қажеттігі оны жандандырады. (Жандандыру [лат. aсtualis — әрекетшіл]- тұрмысты өзгертеді ұғымын білдіреді: тұрмыстың мүмкіндік жағдайынан шындығына қарай ауысу.

Қазақстан – оның территориясында тұратын, біртұтас ұлтқа айналған барлық халықтардың ортақ Отаны. Ұлттардың бірлігі – біздің еліміздің өркендеуі, тұрақтылығы, жаңаруы және серпінді дамуының негізі. Жаһандық экономикалық дағдарыс аясында шиеленіскен гуманитарлық мәселелер, әлеуметтік-саяси тұрақсыздық және планетаның түрлі аймақтары арасындағы қарама-қайшылықтардың өсуі жағдайында Тәуелсіз Қазақстанды нығайту, экономикалық және әлеуметтік өрлеуді табысты жүзеге асыру үшін ұлттардың бірлігі жақсы жағдайларды қамтамасыз етеді. Елбасының тапсырмасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі», қазақстандықтардың біртұтас ұқсастығының бірегей бағдарламасы болып табылады.

Мәңгілік Ел — бұл Тәуелсіздік және Астана.

Мәңгілік Ел — бұл Жалпыұлттық бірлік, Бейбітшілік пен келісім.

Мәңгілік Ел — бұл зайырлы мемлекет және жоғары руханият.

Мәңгілік Ел — бұл Инновация жолындағы тұрақты Экономикалық өсім.

Мәңгілік Ел – бұл Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.

Мәңгілік Ел — бұл мәдениет пен тарихтың, тілдің ортақтығы

Мәңгілік Ел -ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік проблемаларын шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.

Мәңгілік ел бекемделген бағыттың бірі. Бұл мықты әрі нақты реформа. Ол үкімет пен халықтың байланысын күшейте түседі. Демек мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыруды және Үкіметтің ашықтығын көздейді. Елбасы көрегендікпен алға қойып отырған Ұлт жоспарын орындасақ, Мәңгілік елге жете алатынымыз айдан анық. Жаһандану үдерісінің экономикалық сын-қатерлерді төндіруіне байланысты оның алдын алуға, болдырмауға ұмтылумен бірге дамуды жеделдету өмір талабы екендігі даусыз[4, 23 бет].

Осы ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы жастардың қолында» деген жігерлі сөздері әрбір жас қазақстандықтардың ұранына айналуы қажет. Жастардың бірлігі мен қйымшылдығы қазақ тілімен, мәңгілік елмен астасып жатқан қасиетті де, қастерлі ұғымдар[5,31]!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Бұқпа газеті, 2018 жыл №43, 24 бет

2. Арқа ажары,2015 жыл №65 28 бет

3. МәңгілікЕл: – Оқулық / М.Б. Касымбеков, С.Ж. Пралиев, К.К. Жампеисова және т.б. Абай атындағы ҚазҰПУ – Алматы: «Ұлағат» баспасы, 2015. – 336 б.

4. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін түсіндіру бойынша әдістемелік құрал. – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2016. – 68 б.

5. Казахстанский опыт: 20 лет Независимости Казахстана: материалы научно-практической конференции студентов и магистрантов. г. – Көкшетау, 2011. – 132 б.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы, чтобы разместить комментарий.