Өзін өзі тану пәнін берудегі инновациялық әдістер мен технологиялар

Меирбаева Айнагуль Айткалиевна

Өзін — өзі тану- рухани өркендеудің

түп тамыры, жеке адамгершілік

құндылықтардың негізі

Сара Алпысқызы

 

Менің өмірдегі кірпіш болып қаланған негізгі тұғырым – жүрек қалауымен ұстаз болуым. Ұстаз болу менің бала күнімнен санама қонған, анамның жолын ұстанған  мамандық. Анама еліктеп ойын барысында сабақ беріп, өзімді ұстаз сезінуім бала арманның шындыққа айналғаны шығар, бәлкім. Иә, мұғалім киелі мамандық. Қараңғы жерге сәулесін жарқырата шашқан күн тәрізді. Алдымдағы шәкіртім ертеңгі күнгі еліміздің болашағы. Сол болашақтың нұрлы болуы ұстаз-оқушы-ата-ананың бірлескен әрекетімен байланысты.

Өркениетті қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуы өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылығын, кәсіби біліктілігі мен білімділігін, қоршаған ортаға сүйіспеншілігін талап етеді. Оған өзара және табиғатпен үйлесімділікте дамыған жағдайда қол жеткізуге болады. Адамның мәдени болмысы өзі туып өскен, тәрбиеленген ортаның болмысымен үйлесімділікте толысады. Оның негізі халқымыздың әдет – ғұрпы, салт – дәстүрі, тілі, тарихы секілді  рухани құндылықтармен қалыптасады. Бала өмірінің өзін қоршаған ортамен тығыз байланысы оның бойындағы жалпы адамзаттық  құндылықтарды  үйлесімділікте  дамуына тікелей ықпал етеді. Адамгершілікке тәрбиелеу ісі тек білім берумен  ғана шектелмейді.  Баланың қызығушылығына, зейініне, сезіміне әсер ету арқылы да оның ішкі жан дүниесі мен дүниетанымын оятуға болады. Ұрпаққа берілетін идеяның  ең өзекті тұғыры – халықтық адами қасиеттер болуы тиіс.  Басты мақсат өзін-өзі тану пәні арқылы оқушылар арасында ұлттық тұрғыда қарым-қатынасты орната білу.

Осы игі қасиеттерді қалыптастыруда өзін-өзі тану пәнінде қолданатын  инновациялық әдістері мен технолгияларына тоқталар болсам  интерактивті оқыту,  терапия  түрлері, тренингтік жаттығулар т.б.

Инновациялық оқу жұмысы оқу процесіне нәтижелі білім алуға бейімдейтін, жаңа технологияларды орынды енгізумен байланысты.

Ал интерактивті әдістер арқылы бірлескен мұғалім мен оқушы арасындағы өзара әрекет ету жүзеге асады. Бұл әдістің тиімділігі күрделіден бірлесе жеңілге өту үрдісі болады. Қиындық неде екені анықталып, сол негізде шешім шығарылып, бірлескен, бір мағыналы  кеңістікке шығады. Шығармашылық тапсырма орындалады. Тапсырманы орындау үшін қажетті әдіс-тәсілдер таңдалады.  Эмоциялық жағдайларда топтық  көңіл-күй үндестігі туады.

Интерактивті оқытудың негізгі мәні — барлық оқушы рефлекс жасай алатын, нені білді, нені мақсат етті, неге жету керек екенін бағдарлай алатын таным үрдісіне тартылу керек. Таным арқылы өзара әрекеттестік, жеке пікір, ұйымшылдық, өзін-өзі бағалау, өзіндік «Мен» қалыптасады.

Интерактивті оқытуда мұғалім жай инициатива беруші, дайын білімді беруші емес.  Ал оқушыларды  өз бетті  ізденіп, жауаптылықпен , өзін-өзі алға дамыта оқуға үйретеді. Өзін өзі тану пәнінде қолданылатын интерактивті әдістердің түрлеріне тоқталсам:

«Тыныштық сәті» — релаксациялық әдіс. Толық тыныштықта баланың жүрек соғу ырғағы мен тыныс алуы реттеледі, денесі жеңілденеді. Ол өз ойын жинақтай алу мүмкіндігіне ие болады, өзінің ішкі «Менін» түсіне алады, өзінің сезімі мен көңіл күйін жақсы сезінеді. Мұғалім балаларға осы жаттығуды орындату барысында олардың дене қалпына, тыныс алуы мен денесін бос ұстай білуіне баса назар аударуы тиіс.

Оқушының  топқа еркін қосылуына, өзіне сенімділлік орнатуына көмегі зор.

«Дәйек сөз» — оқушыларға өзін-өзі тану пәнінде негізгі материалды тануға, оның негізгі мазмұнын эмоционалды – бейінді түсінуге арналған пәннің  міндетті элементі.

«Әңгімелесу» (сұхбат) – сөйлеу мен ойлау әрекетін дамытатын әдіс. Оқушылар мәтін, ертегі, әңгіме, пікір арқылы өз ойларын, пікірлерін ортаға салып, негізгі мәнін табады.  Оқушылар осы әдіс арқылы  тыңдай білуді, еске сақтауды, ойлауды, сезіммен қабылдауды  және талдауды үйренеді.  Сұхбаттаса отырып оқушы бойында өзіндік пікір айтуды, өзіндік ой қорытуды, баға беруді дамытады. Мұғалім балалардың өз пікірлерін айтуын қолдап отырады, оларға ойлана алуды, жағдаяттар мен іс-әрекеттерге адамгершілік тұрғысынан баға бере білуді үйретеді.

«Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс» — сабақтың басты бөлімі. Оқушылар сурет салып, мәтін жазып, макеттер, коллаждар құрастырып, өлең шығарумен т.б. арқылы жүзеге асады. Бұл әдісте жекеден топтық пікірге алмасу жүзеге асады. Оқушылар өз бетті ойлана отырып, өз қиялы негізінде жұмыс жүргізеді. Басқаларды тыңдай білуге, ынтымақтастыққа, ұйымшылдыққа, белсенділікке, жақсы қарым-қатынасқа, жауапкершілікке, дербестікке тәрбиелейді.

«Топпен ән айту» — Жақсы көңіл күй сыйлайтын, эмоциялық сезімін арттыратын сабақ кезеңі. Оқушы өзін, қоршаған ортасын сезіммен тыңдай білуге үйретеді. Мұғалімнің балалармен бірге құрған шеңберінде олар бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасайды, әр түрлі әндер мен өлеңдер айтады

«Үй тапсырмасы» — оқушының алған білімін одан әрі тереңдететін, қызығушылығын арттыратын, іскерлік дағдыларын бекітуге, өз бетті орындайтын тәсіл.  Арнайы жұмыс дәптерінде берілген тапсырманы шығармашылықпен, қызығушылықпен орындау үшін ертегі кейіпкерлері «Данышпан ата»,  ақылды балалар «Махаббат», «Алпамыс», түйенің ботасы «Ақбота»  бар. Бұлардың өзі оқушының тұлғалық қасиеттерінің дамуына  септігі мол.

Бұл әдістармен қоса интерактивті тақта пайдаланылады. Интерактивті тақта арқылы көріп, естіп, ұстап көру сипатында білім беруде қабылдау деңгейлері әртүрлі оқушы үшін маңызы зор.

Қытай елінің нақыл сөзіне сүйенсек: «Маған айтшы – мен ұмытып қаламын, маған көрсетші – менің есімде қалады, маған орындатшы – мен сонда үйренемін» деген қағидасы интерактивті әдістің адам дамуына ықпалы зор екенін көрсетеді.

Өзін  өзі тану пәнінде арт терапия әдіс-тәсілдерінің элементтерін қолдану арқылы балалар шығармашылығын дамытуға пайдаланамын.
Әр адам өзін, өз сезімін және өзінің жағдайын әуен, дыбыс, қимыл және сурет арқылы көрсете алады.

Қосымша драма терапия, ертегі терапия, музыка терапия, түстермен байланыс терапия   элементтері қолданылады. Яғни, оқыту процесінде сауатты ұйымдастырылған арт — терапия элементтері жеке тұлғаның өзін-өзі тани отырып, үйлесімді дамуына жол ашады. Өзіндік бағалауы жоғарлайды. Қоршаған ортамен қарым-қатынасы артады. Сонымен қатар шығармашылық өзара әрекетке түсудің тиімді жақтарын қалыптастырады. Жалпы, оқу-тәрбие процесін ізгілендіру мақсатында оқытудың креактивті жақтарын дұрыс ұйымдастыра білсе, арт — терапияның берері мол. Арт — терапия оқыту процесін өзінің шынайы көрнекіліктерімен жандандырса, әр баланың қызығушылығы артады.  Сонымен қатар шығармашылық жұмыс та баланың белсенділігін арттыруда аумақты орын алады. Шығармашылық жұмысты үйге тапсырма етіп беру қолайлы әрі тиімді. Өйткені, сабақ барысында қаншама жоспарланған дүниелерімізді қысқартар болсақ, тақырыпты аша алмауымыз мүмкін, оның үстіне шығармашылық белгіленген уақыттың шекарасында қалып қойса, ойдың тиянақты, ашық жеткізілмеуі мүмкін әрі үйге берілген мұндай жұмыстар сабақ материалын, әсерін, қорытқан ойын ұзақ мерзімдік есте сақтауға алып келеді. Ойланады, көзқарасын білдіреді, ой қорытады, талқылайды және өзіне қажеттісін өмірлік құндылық ретінде бойына сіңіре алады. Балалардың қызығушылығын, белсенділігін арттырудың ізденіспен келетіндігін білеміз, тағы бір түйгенім оқушы дәптеріндегі тапсырмалардан бөлек әр тақырыпқа байланысты әрбірінің өзімен жұмыс жасауы үшін қосымша шығармашылық жұмыстарды жоспарға енгізу де артықтық етпейтін сияқты.

Бүгінгі ұстаз – жаңалыққа жаны құмар болу керек. Оқытудағы жаңа тәсілдерді меңгеру қажет.  Әр оқушыны жеке емес, топпен оқыту заман талабы.  Интерактивті оқытуда мұғалім  топтық жұмыстарды ұйымдастырып және оны қолдап отыруы қажет, сонымен қатар, тапсырманы орындағаннан кейін оны талқылауға уақыт беру керек. Мұғалім топтың тиімді жұмысына қолдау көрсетіп, оңтайлы нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етулері керек.

Сыныппен жұмыс істеу барысында неге қол жеткізетіндерін және нені білу жоспарланғандығын, топтық жұмысқа арналған тапсырмалар барлық сыныпты оқытумен қалай байланысты екендігін талқылауды қамтуы тиіс. Талқылау барысында оқушыларға олар қолдана алатын дағдылар, стратегиялар мен ережелер туралы ескерту қажет.

Оқушылардың жұмысына мұғалім сыпайы түрде араласып, оқушыларға ұсынылатын әдістерді үйретуі  тиіс. Сабақ аяқталған соң мұғалім оқушыларды топтағы жұмыс үдерісі жайлы және оның нәтижелері туралы ойланулары үшін релаксация жасау керек. Алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне жол таба білу – біздердің, ұстаздардың бұлжытпас борышымыз.

Осы эссемді  «Балаға берілетін білім оның көзіне көрінетіндей, құлағына естілетіндей және қолына ұстайтындай болуы керек, яғни бала білімді өзінің сезім мүшелерімен терең сезінуі керек,сезімге әсер еткен білім ғана балада жеңіл қабылданып, ұзақ есінде сақталады», — деген психолог  П.Я. Гальпериннің сөзімен аяқтаймын.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы, чтобы разместить комментарий.