Рухани жаңғыру – замануи білім беру үрдісінің тынысы

Багыбаева Айгерим Талгатбеккызы

 

Тәуелсіздік алғалы бері біздің мемлекітізде орасан зор өзгерістер болып жатыр. Тәуелсіздік жылдарында еліміз екі процесті – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қатар жүргізіп, белгілі бір нәтижеге жетті, қазіргі уақытта жаңа тарихи кезеңге – Рухани жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Рухани жаңғыру бізден ұлттық санамызды қалыптап, бәсекеге қабілетті болып, кез-келген мәселеге прагматистік тұрғыдан келуді, жалпы алғанда ұлттық бірегейлігімізді сақтай отырып дамуымызды талап етеді. Рухани жаңғырудың ең басты шарты – «білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу». Өйткені, ҚР Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, «табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әрқайсысымыз терең түсінуіміз керек… Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

Бүгінгі жас ұрпақ,болашақ маман Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында көрсетілген міндеттер бойынша: «Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды игеріп, ғылым мен практика жетістіктеріне негізделген білім алулары керек». Ендеше, біздің ұстаздарымыз оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, білім беруді ақпараттандырып, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу арқылы оқытуды сауатты, сапалы жүзеге асырып,мамандардың кәсіби құзіреттілігін қалыптастырғанда ғана қоғамымыздың дамуына елеулі үлес қоса алады.

Ғаламдану заманында, әсіресе білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен түбегейлі жаңарулар дәуірінде мұғалім алдында тұрған мақсаттар мен міндеттердің салмағы орасан зор болып отыр. Мұғалім ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болуы керек.

Оқу-тәрбие процесін жаңартумен қатар, оны жүзеге асыратын әрбір педагогтың көзқарасын, оқушымен қарым-қатынасын түбегейлі өзгерту, әр баланың жеке және жас ерекшелігіне қарай дербес дамуын қамтамасыз ету, оларға білімнің өз мүддесі үшін қажеттігін сезіндіру, құзырлылығын айқындау – бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Жаңа мазмұндағы білім жүйесін мектеп өміріне енгізуде мұғалім педагогикалық, психологиялық, философиялық, физиологиялық және т.б. ғылым салаларының тиімді зерттеу нәтижелері мен әлемдік озық тәжірибелердің алдыңғы қатарлы идеяларын басшылыққа алады. Бүгінгі таңда білім саласында қызмет ететін әрбір педагог жаңару процесін жалықпай қарсы алып, өзінің іс-тәжірибесіне енгізуге асығуы тиіс. Өйткені өркениетті елдің білім саясаты жаңашыл ұстаздың тың көзқарасын қажет етеді.

Сапалы білімнің негізі – жан-жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен тиімді технологияларды, әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушыға кітаптан таба алмайтын білім беру. Ендеше бүгінгі білім берудің сапалы болуы үшін мұғалімнің жан-жақты академиялық білімінің болуымен қатар ұстаздың мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің, шығармашылық қабілетінің, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиеттерінің болуы тиіс. Жалпы инновациялық пен ақпараттық бағытты тең ұстаған ұстаздың жеке бас қасиеттері мен кәсіби шеберлігін біртұтас байланысты ұғым ретінде қарастырған абзал. Сонымен қатар жоғары қасиеттерге ие тұлғаны қалыптастыру үшін мұғалімнің кәсіби қасиеттері, икемділіктері жаңаша қырынан сипат алуы керек. Мұғалімнің білім-білік дағдылары, өз мамандығына қатысты білім жүйесі, жұмыс істеу шеберлігі, мәдениеті, психологиялық қасиеттері, қарым-қатынас стилі, педагогикалық әдеп, жүріс-тұрысы т.б. жатқызамыз. Жаңашыл мұғалімнің кәсіби құзыреттілігіне тоқталсақ:

Іргелі және кіріктірілген білімдердің жоғары болуы, яғни педагогика, тәрбие теориясы мен әдістемесі, дидактика, оқу бағдарламасына сәйкес пәндерді жүргізу әдістемесі, сол пәндер арқылы оқушыларға берілетін білімдерді терең игеру;

Түйінделген іскерлікті, дағдыны, қабілетті меңгеруі – дидактикалық, танымдық, коммуникативтік, зерттеушілік, шығармашылық, өз білімін дамытуға деген қабілет, теория мен тәжірибені байланыстыра алу қабілеті, диагностикалық іс-әрекет, ғылыми зерттеу іс-әрекетімен айналысу;

Инновациялық технологияларды меңгеруі – мектеп мұғалімі өзінің шығармашылық іс-әрекетінің арқасында тұтас педагогикалық үрдісті тиімді ұйымдастыруы үшін қазіргі қолданыстағы жаңашыл технологияларды толық меңгеруі тиіс. Жаңа иновациялық технологияларды ғылыми ізденіс пен тәжірибеге енгізуде өз үлесін қосуы қажет;

Кәсіптік-педагогикалық қасиетке жаңаша көзқараспен қарауы – бұрыннан қалыптасқан «мұғалімнің айтқаны әрқашан дұрыс» деген қағидадан аулақ болып, мұғалім тек ақпарат таратушы ғана болмай, оқушының  жеке  тұлға  болып  қалыптасуының  көмекшісі  болуы  тиіс,  оқушының  даму  деңгейіне қарамастан оның жеке тұлғасын құрметтеу, өзара бірлескен әрекет, қызмет, көмек, оқушының жетістігіне қуана білушілік басты назарда болу керек. Оқушының әрқайсысын тереңірек тануға тырысу, өз мамандығын сүю;

Мектептегі ұстаздардың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі мен қылықтары да оқу-тәрбие арқылы оқушының бойына қатар қалыптасатынын ұмытпаған абзал. Ел ертеңін иығына алар балалар болашағының баянды болуы жаңашылдықты ұстанатын мұғалімнен кәсіби шеберлігіне орай үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Елімізде жалпы білім беретін бағыттағы реформалардың жүргізілуі ұстаздың педагогикалық теориясы мен тәжірибесінде өзгерістердің енуін, ең алдымен әрине, оқушылардың жалпы және рухани мәдениетін анықтайтын мұғалімнің педагогикалық шеберлігін арттыруды талап етеді. Ендеше, инновациялық пен ақпараттық білім беруші – заманауи мұғаліміне қойылатын талаптарды тұжырымдасақ:

  1. Мұғалімнің өзіндік көзқарасы. Себебі, шығармашылық, ізденістік бағытта оның өз пікірі болады және сол бағытта жұмыс жүргізген ұстаз ғана нәтижеге қол жеткізе алады.
  2. Шебер қолданушы. Атап айтқанда, үнемі жетілдіру бағытындағы кәсіби білімін оқу-тәрбие үдерісінде шебер қолданушы. Нақтырақ айтқанда, ақпараттық заманда мұғалім қоғамның кез келген саласына байланысты оқушы қойған сұраққа орынды жауап беруі шарт.
  3. Тиімді шешім шығару қабілеті. Мұғалім оқу-тәрбие үдерісі бойынша өн бойында кездесетін педагогикалық жағдайларды, өзгеріс-құбылыстарды талдай білуімен қатар, соны туындататын себеп-салдарларды анықтай білуі тиіс және соның негізінде түрлі жағдайларда шешім шығаратын дәрежеге ие болуы қажет.
  4. Ағартушылық қызметтегі мұғалімнің адамгершілік ұстанымы бала тәрбиесіне негізделуі керек. Соның нәтижесінде ұлттық құндылықтарды бойына қалыптастырған оқушы өзара бірлестікте жұмыс жасай алатын тұлғаға айналады. Сонымен қатар ақпараттық технологияны жақсы меңгерген жаңашыл бағыттағы ұстаз сабақ беру әдіс-тәсілдерін де түрлендіре алады. Ақпараттық технология – қазіргі уақыттағы білім берудегі ең белсенді, тиімді технологиялардың бірі. Ақпараттық технология құралдары: электрондық оқулықтар, компьютер, аудио және видео материалдар, интернет желісі, электрондық пошта, интербелсенді тақта;

Ақпараттық  мәдениетті  дамыту  қазіргі  педагогтың  ақпараттық  құзырлығына  қойылатын  талаптарына сай анықталады:

  1. Қазіргі білім беру жүйесіндегі ақпараттық кеңістік туралы біртұтас түсінікті қалыптастыру (бүкіләлемдік ақпараттық ресурстарға бағдарлау, ақпараттарды іздеу алгоритмі мен ақпараттарды аналитикалық-синтетикалық тұрғыдан өңдеу әдістерін меңгерту).
  2. Ақпараттық (дербес жағдайда, компьютерлік) сауаттылық: оқу-әдістемелік, озық тәжірибелерді зерттеу, ғылыми-зерттеу нәтижелерін түрлендіру мен технологияларды қолдану әдістерін меңгерту;
  3. Өз қызметтерін жаңа ақпарттық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану; жаңа ақпараттық технологияның мүмкіндіктері туралы білім; коммуникациялық қызметтерді пайдалану дағдысы; білім беру процесінің ерекшеліктері ескере отырып, педагогикалық программалық құралдарды қолдану және оларды өз қызметтерімізге сәйкес бейімдеп пайдалану.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері балалардың, жасөспірімдердің оқу- тәрбие ісіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Оқу- тәрбие ісінде назар аударып отырған тәрбие салаларының бірі- патриоттық тәрбие. Қазақстан Республикасы көп ұлтты іргелі ел. Интернационалдық және патриоттыққа тәрбиелеу — күрделі педагогикалық үрдіс. Еліміздің тәуелсіздік алып, егемендікке жету қазақ халқының және республикада тұратын басқа да халықтардың ұлттық дүниетанымының өсуіне жағдай жасады. Жас жеткіншектерді Отанын сүюге тәрбиелеу бір кезеңдік іс емес. Интернационалдық және патриоттық тәрбиені қалыптастыру процесінің өз идиологиясы және айқын жүйесі бар. Білім ордаларында жас жеткіншектерді Отанын сүюге тәрбиелеу қазақ халқының батырларының өмірі мен ерліктерін олардың туған жерін жауларынан қаймықпай қорғағандықтарын баяндау арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан батырлары мен танымал тұлғалары көп ел екені даусыз. Ал оларды тәрбие беру құралына айналдыру елтану бағытында жасалған оңды шара. Мысалы, Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Ер Көкше, Баян батыр, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек батырлар. Тарихты бағалау жастарға Отан қорғаудың үлгілі жолын көрсетіп тұрғандай әсер қалдырады. Сондықтан ұстаздар Қазақстан патриотизмін арттыруды өз дәрістері мен ізденістерінде басты назарда ұстауы тиіс.

Жас жеткіншектерді Отанын сүюге тәрбиелеуде ақын, жыраулардың тағылымдарын оқытудың мәні зор.Қорқыт ата жеткіншек, жас өспірімдердің жанымен қоса тәнінің шынығуына, елі мен жерін жан- тәнімен сүйіп, осы қасық қаны қалғанша жаудан қорғайтын жаужүрек батыр болғанын аңсайды. ХІХ ғ 30-40 жылдарында Қазақстанның батыс аймақтарын мекендеген ақын және батыр Махамбет Өтемісұлы мен оның жерлесі Исатай Таймановтың ерліктері елі үшін күресуде және туған халқына қызмет етуде интернационалдық және патриоттық тәрбиенің жарқын үлесі болады.

Білім негіздерін меңгеруші шәкірттер үшін Әбу Насыр Әл- Фарабидің өз басы да, еңбектері де теңдесі жоқ өнеге. Ол өзінің туған жұртын, кір жуып кіндік кескен кең даласын жанындай жақсы көріп, барынша қастерлеп өткен нағыз патриот ғалым еді. Сонымен қатар әлемдік озық мәдениеттің шоқ жұлдыздары: Ш.Уалиханов, Ы. Алтынсарин, А.Құнанбаев еңбектерінің ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі мол. Осы ғасырдың басында тәлімдік ой пікірмен барша қазақ даласын дүр сілкіндірген Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаевтардың педагогикалық тұжырымдары өмір шеңдігімен жұртты қайран қалдырады.

Жеткіншектерді интернационалдық және патриоттыққа, Отанын сүюге, елін қорғауға бұрынғы Кеңес Одағы кезеңінде жүргізілген іс шараларды жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы айтпауға мүмкін емес, десек те Кеңес Одағының ыдырауы, алғашқы кездегі халықтың белсенділігі, артынша өмір сүру деңгейінің төмендеп кетуі, экономикадағы дағдарыс құбылысы адам көңіл-күйіне әсер етті. Жаңа құрылып жатқан Қазақстан Республикасына оның нарықтық экономикаға өтуіне қалыпты жағдай жасаған жалпы халықтың қолдауы осы отаншылдықтың арқасында болды. Алайда Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен жас өспірімдерді тәрбиелеуде және оларды отаншылдық көзқарасын қалыптастыруда жаңа бағыт пайда болды.

Тәрбие — халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, өмірге деген көз қарасын және оған сай мінез -құлқын қалыптастыру. Соның ішінде азаматтық тәрбиенің тірегі отаншылдық болып табылады. Мектеп барлық кезде оқушыларды Отанды сүю және қорғау сезімдерін дамытты және дамытып келеді. Интернационалдық және патриоттық тәрбие деген кең мағыналы, қасиетті ұғым. «Отан от басынан басталады» — деп айтады халқымыз. Әрбір адамның от басы, туған жері өскен ортасы, ауылы, елі- оның Отаны. Өмірге келген адамдардың бәрінде міндетті түрде, рефлексті тұрғыда интернационалдық және патриоттық сезімі туа қалмайды. Патриотизм, отаншылдық сезімі ананың құрсағынан даритын биологиялық құбылыс емес, бұл психологиялық құбылыс.

Отанын адамның өзі тануы тиіс. Оны жете біліп, қадір- қасиетін ұққанда, тарихын, өткен жолын, қиындық мехнаттарын, рухын, тар жол, тайғақ кешулерін көз алдынан өткізіп, жанымен сезе білгенде, елдің басын біріктірген, жатжұрттықтардан жерін, суын, даласын, тауын, қанын төгіп қайсарлықпен қорғап қалған ерліктерін сезіп білгенде ғана соған деген мақтаныш сезімі оянады. Адам бүгінгі өзі басып жүрген топырағының, суының қадір-қасиетін жете сезінгенде өз еліне деген мақтаныш сезімі күшейе бастайды.

Жас ұрпақты ұлттық бірлікке, Отанын, елін, жерін сүюге, ұлттық тәуелсіз мемлекетті нығайтуға өз үлесін қосуға тәрбиелеуде көркем шығарманың маңызы зор. Көркем шығармаларда патриоттық сезімді ардақтап, батырлық, ерлікке мадақталу, парасаттылық , достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттер дәріптелген. Бұл тақырыпта әңгіме, ертегі, өлең, жырлар туғанын, оларда халықтық батырлық, ерлік істерді және оны жасаушыларды ардақтағанын білуге болады. Егер, бала жас кезінен ұлттық жырларымыздың сұлулығын сезініп, мазмұнындағы адами құндылықтарды бағалай білсе, оның өз Отанына, халқына, төл өнеріне сүйіспеншілігі артатыны сөзсіз. Ауыз әдебиетінің ертеден келе жатқан көлемді саласының бірі — ертегілер. Қазақ халқы, оның ішінен шыққан дана адамдар өз заманының адамдарына да, кейінгі ұрпақтарына да жақсы тәрбие беруді көздеген.Көп ертегілерде суреттелетін әділдік пен жауыздық арасындағы күрес бастауыш сынып оқушыларының патриоттық сезімдерін оятуға септігін тигізеді. Ертегілер оқушылардың қиялын дамытып, жақсы мінез-құлық қалыптастырады, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақырады, өзінің елін, жерін қорғауға, сүюге тәрбиелейді.

Еліміздің азаматтарын, казақ жігіттерін жан-жақты, «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтар етіп тәрбиелеуде ұлттық ойындардың атқарар маңызы жайлы іс жүзінде Отан қорғауда, күрес үстінде көріп-біліп, оның күш-қуатына көзі жеткен батыр Б.Момышұлы өзінің «Соғыс психологиясы» еңбегінде ұлттық әдет-ғұрыпты сақтай отырып, жеңіске жетуге болатындығын айтады. Өзінің күрес үстінде сыналып, шыңдалған тәжірибесінде байқалған, өз елін, жерін сүйетін азаматтар тәрбиелеуді халыктың дәстүрінен бастау керек екендігіне көзі жеткен батыр Қазақстан Халық кеңесі төрағасынан жастар тәрбиесінің бөліміне хат жолдағаны тағы бар: «Мен өз тәжірибемнен көзім жетті, жауынгерлік қасиеттерді дарытуда халықтық ұлттық салт-дәстүрлердің үлкен маңызы бар. Олар ойын,көкпар,бәйге,аударыспақ,күрес»деп жазған.

Сондықтан біз — ел қорғайтын ер азаматтар тәрбиелеуде халықтың дәстүрлік тәжірибесін мектеп табалдырығында қазіргі әскери тәрбие саласына терең енгізіп, жауынгерлердің қазақ батырларының ерлік істерін оқып, үйренуіне баса назар аударсақ, сондай-ақ сөз құдіретін түсіну- ер азамат үшін керек болса, мұның бәрі жауынгерлерді сабырлылыққа, ұстамдылықка үйретіп, отанды сүю тәрбиесіне өзіндік үлесін қосары даусыз. Оқушыларға патриоттық тәрбие беру барлық пәндердің үлесіне жатады. Сондықтан пәнге оқушылардың ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыру үшін әр түрлі жаңа әдістемелік технологияларды қолданып сабақ өткізу тиімді. Егемен ел атанып, Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан күннен бастап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке, ұлтжандыққа баулу ісі күн тәртібіне қойылды. Кең байтақ қазақ даласын пана еткен тілі басқа болса да тілегі бір, түрі басқа болса да жүрегі бір барша халықтың бойына қазақстандық патриотизмді дарыту өте-мөте маңызды дүние. Бүгінде бұл мәселе барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси, мәдени-рухани тақырыптардың өзегіне айналуда. Патриотизмнің негізгі мағынасы әр азаматтың ұлтын, Отанын сүюден туындайды. Тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көздейтін патриотизм белгілі бір уақытпен шектелетін науқандық шара емес. Сондықтан стратегия – патриоттық тәрбие жүйесін нысаналы дамыту арқылы азаматтардың бойындағы жоғары патриоттық сананы қалыптастыруды, өз елі үшін мақтаныш сезімін оятып, Отанның мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтың борышы мен конституциялық міндеттерін орындауға деген дайындығын тәрбиелеу мақсатын алға қояды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы, чтобы разместить комментарий.