Сын тұрғысынан ойлау әдісін сабақтарда қолданудың тиімділігі

Муфтиева Мирангүл Қурманбекқызы

 

Өркениеттің ең маңызды мақсаты- адамдарды ойлауға үйрету.

Томас  Эдисон

 

Қазіргі таңда біз, мұғалімдер, оқушыларға дайын білім бермей, оқушының өздігінен білім алуға жағдай жасап, білімді игерудің жолын үйрету керекпіз.  Сол себепті мұғалімдердің алдында тұрған бір мәселе-оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға жетелеу. Сыни ойлау деген не? Сыни ойлау деген- адамның кез келген проблемаларын жан жақты талдай отырып, шеше алу біліктілігі. Сыни ойлау дегеніміз оқулықта «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Сыни ойлау- өзіндік ойлау. Сыни ойлау- сұрақ қоюдан және шешімін талап ететін проблемаларды айқындаудан басталады. Оқушы өзі сұрақ қойып, шешімін өзі айқындайды. Сыни ойлау -әлеуметтік ойлау, бірлесе оқыту идеясы. Сыни ойлау сабағының құрылымдық формуласы 3 кезеңнен (ERR) тұрады: І қызығушылығын ояту («көпір жасау», ой қозғау), ІІ мағынаны таныту (мағынаны ажырату), ІІІ ой толғаныс (рефлексия, жаңа білім құрастырылады).

Сыни тұрғыдан  ойлау  сабағында  оқушы білімге өзі жетеді, мұғалім тек бағыт беруші.   Сыни тұрғыдан ойлау технологиясын қолдануымен жүргізілген сабақтың жоғары деңгейде өтуінің алғы шарты оның қағидаларында, яғни, стратегияларында.

Стратегия дегеніміз — философия, әдістемелік ұстаным. Мұғалім мен оқушы кез келген стратегияның әдіс-тәсілін, қыр-сырын жетік түсіне білуі қажет. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Стратегиялар оқушыларды шығармашылықпен әрекет етуге,  ізденімпаздыққа баулиды, еркін, терең, жан-жақты ойлауына,  үздіксіз жұмыс жасауына жол ашады. Жұмыстың ыңғайына  қарай стратегияларды өзгертіп те жіберуге болады.   Жалпы «Сын тұрғысынан ойлау технологиясының» 60-қа жуық түрлі стратегиясы бар, солардың ішіндегі мен өз сабақтарымда қолданып жүрген стратегиялар: «Джиксо»- ұжымдық оқыту әдісі, күрделі тақырып болса, сол тақырыпты 3-4-ке бөліп, әркім өз бөлігі бойынша талқылайды; «Миға шабуыл»- сабақтың басында өте тиімді, «Үзілістермен оқу және Блум сұрақтары», эссе -шағын шығарма, БББ кестесі, INSERT кестесі, Венн диаграммасы, «Жуан және жіңішке сұрақтар», «Синквейн»-5 жолды өлең, «Басты терминдер», SWOT-талдау, SMART әдістерін, Эдвард де Бононың «Ойлаудың алты қалпағы». Мақсаты: жұмысты (процессті) әр қырынан бағалау, қара жағын жою. Бағалайтын: қалпақ киген адамдар.Топтық жұмыста кез келген проблеманың шешудің жолын айқындау  үшін кейс стади, Fishbone т.б. стратегияларын пайдаланамын.

Сыни ойлауға қатысты мынандай параметрлер бар.

  1. Сыни ойлау адамның білім қорының мөлшеріне байланысты.
  2. Сыни ойлау үшін әр адам өз бетімен жұмыс істеу алу керек.
  3. Сыни ойлау үшін шешуге тиісті проблеманы адам айқын, нақты білу керек.

Сыни ойлаудың нәтижесі болады, егер ол проблеманы топ болып шешуге тырысса. Қорыта келгенде, сыни тұрғыдан ойланатын адам өзіне барлық кезде мынандай сұрақтар қоя алатын және жауаптар ала алатын: Мен не білемін? Мен жаңа не білдім? Менің білімім қалай өзгерді? Мен осы біліммен не істей аламын?

Сыни тұрғыдан ойлау- бұл саналы мағынаны іздеу.

Сыни ойлауды дамыту технологиясяның дәстүрлі оқытудан басты айырмашылығы-білімнің дайын күйінде берілмеуі. Бұл жобаның мақсаты- демократиялық қоғамда өз көзқарасы, пайымдауы бар, өзін-өзі жетілдіріп отыратын, айналадағы үдерістерге сыни көзбен қарап, жауап бере алатын жеке тұлғаны қалыптастыру.

СТО  жобасын пән ерекшелігіне қарай қолдана білу-білім беру сапасын арттырудың, оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы. «Сын тұрғысынан ойлау»- сынап қарау емес, оқушының шыңдалған ойлау әрекеті. Бұл  технологияның негізінде оқушылар  топпен жұмыс істеу арқылы өзара пікірлесіп, ұтымды жауаптарды тауып айтуға үйренеді, іздене отырып, өз ойын айтуға, дәлелдеуге мүмкіндік алады. Топпен бірігіп жұмыс жасау тұлға бойында шыдамдылық,  мейірімділік, ұжымдық жауапкершілік, бірігіп бір мәселені шешу  секілді жағымды қасиеттерді дамытады.

Сын тұрғысынан ойлау технологиясының негізгі мақсаттары:

  • Тек қана оқуда емес, өмірде де оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту;
  • Өздігінен дұрыс шешім қабылдай білетін тұлғаны дамыту;
  • Ақпараттармен жұмыс істей білетін шығармашыл тұлға қалыптастыру;
  • Құбылыстарды жан-жақты талдап, саралай білетін сыншыл тұлға тәрбиелеу.

Ерекше бір жағдай: көп сөйлемейтін, белсенділігі төмен оқушылардың қызығушылығы артып, олардың өз мүмкіндіктеріне қарай топтар бойынша сабаққа қатысуға тырысады.

СТО технологиясы-білім берудің сапасын арттырудағы тиімді жоба. Ол үшін оқытушы сабақтың мақсатын нақтылап, оған шығармашылық тұрғыдан келіп, оқушының білімділік, тәрбиелік жағынан қызығуын арттырып,оның ой-өрісін дамытуда аянбай еңбектенуі қажет. СТО мұғалім мен оқушының арасындағы қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйтқысы болғандықтан, оқушылардың шығармашылығы мен танымдық  белсенділігін арттырады. Сын тұрғысынан ойлау негізінде құрылған сабақта тек жақсы оқитын оқушылар ғана  белсенді жұмыс істеп қана қоймай, барлық баланың дамуы үшін қолайлы жағдай туғызып, қабілеті жеткен жерге дейін еңбек етуі ойластырылса, әр оқушының оқуға деген қызығушылығы артатыны даусыз. Сондай ақ «Сын тұрғысынан ойлау» технологиясына негізделген сабақ оқушының  ой-өрісін дамытып, жан-жақты, терең білім алуына жағдай жасап қана қоймай, оқушы бірде басқаға көмектессе, бірде басқаның көмегін өзі алады. Оқушы білімді өз ізденісімен, өз біліктілігімен  алады, іскерлік дағдылары қалыптасып, артады. СТО  бағдарламасы негізінде өткізілген сабақтар оқушының тақырыпты толық меңгеруіне, өз бетінше жұмыс жасауына және  уақыт үнемдеге өте ыңғайлы. Бұл технологияны пайдалану жеке тұлғаның ойлау қабілетін дамытуға, эстетикалық тәрбие, коммуникативтік қабілеттерің шыңдауға, қолайлы шешім қабылдай алуға, ең бастысы, білім сапасын арттыруға негіз болады.

Нәтижесінде:

  • оқушы еркін сөйлеп, өз ойын жасқанбай айтуға үйренеді;
  • жұппен, топпен жұмыс істей отырып, бірін-бірі сыйлауға, шешімі табылмай   жатқан мәселені ақылдасып шешуге ұмтылады;
  • бірін-бірі оқытуға және дамытуға үйренеді;
  • жағымды қарым-қатынасқа бейімделеді;
  • ойы сараланған, дарынды, шығармашыл тұлға қалыптасады.

Мен үшін ең тиімді сабақ ол — нәтижелі сабақ. Ал, сабақтың нәтижесі оқушылардың іс-әрекетінен көрінеді.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Оставить комментарий