Қазақ халқының «Ерулік беру» салт-дәстүрінің сценариі

Касымбекова Кенжегуль Абдрашевна

 

Мақсаты: Ұлттық құндылықтарымызды жастардың бойына дәріптеу.

 

(Сахнада қазақ үйдің ішкі көрінісі ұлттық нақышта безендірілген, көңілді әуен ойнап тұрады, ұлттық киім киген жігіттер, қыз-келіншектер, ауыл ақсақалы, көрші-қолаңдар жиналып «Көш көлікті болсын!», «Қазаның майлы, жылқың тайлы, қонысың жайлы болсын»! – деп құтты болсын айтып, шашуын шашып, жеті нанын таратып абыр-сабыр болып жатады).

Жүргізуші:  (Ерулік салты туралы қысқаша түсінік)

Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-дәстүр салтымыз, әдет-ғұрпымыз, кісілік қадір-қасиетіміз, бүкіл этникалық болмысымыз – халықтың рухани өзегі, тіліміздің тірегі, мәдениетіміздің арқауы. Ендеше, қазақ тұрмысындағы орны бөлек, дархан да дара салттың бірі – ерулік. Өмірге сіңген, халыққа мерейлі дәстүр. Адамдардың өзара сүйіспеншілігін, құрмет-ізетін көрсетеді. Кейде ел мен елдің танысып, жақындаса түсуінің де дәнекері. Бұл салт қазақпен біреге туып, біте қайнасып, тіршілік талабымен  де қабысып келе жатқан секілді.

Ерулік біреудің ыңғайына көңіл бөлсек, көші-қонмен сабақтасып, тұрмысқа енген сыңайы бар. Ылғи да адамның көңілін аялап, рухын демейді. Көш ұзақ жолдан шұбатыла созылып жетеді, шаршап-шалдыққан кісілерге еру ауыл адамдары қол ұшын береді. Ерулік – ертерек көшіп келіп отырған ауылдың жаңа көшіп келушілерге көрсететін сыйы. Мұндағы мақсат – адамдардың көңілі жай табуымен байланысты.

Үй иесі:

Ал енді қымбатты ауыл адамдары! Барлығымыз да ұлтымыздың рухын көтерген, салт-дәстүрімізді құрметтеген дана халықпыз! Көрші-қолаң, ауыл болып жиылып келіп қалған екенсіздер, ниеттеріңізге үлкен рахмет! Ерулік тойымыздың басын көненің көзін көрген  ауылымыздың ардақты ақсақалының батасын алудан бастасақ қалай қарайсыздар? /барлығы тізе бүгіп отыра қалып қол жаяды/.

Бата

А, құдайым, оңдасын!

Береке берсін басыңа!

Бөденедей жорғалап,

Қырғауылдай қорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа!

Сенен байлық өтпесін!

Тәңір берген несібең

Тепкілесең кетпесін!

Желіңнің екі шетіне

Тай шаптырса жетпесін!

Кешке келіп жамырасқан,

Шуылдасып, маңырасқан,

Қошақанның енесі

Саулық бассын үйіңді!

Бақайлары сыртылдап,

Мүйіздері жылтылдап,

Бұзаулардың енесі

Сиыр бассын үйіңді!

Шудаларын шаң басқан,

Артқы өркешін қом басқан,

Ботақанның енесі

Інген бассын үйіңді!

Шіңгір – шіңгір кісінескен,

Құлыншақтың енесі

Бие бассын үйіңді!

Кең пейіл берсін!

Тілеген тілегіңді берсін!

Аллаху әкпар!

Ауыл адамы:

Оу, ағайын, біз қазақ,

Аталар сөзімен өсіп — өнген,

Бабалар бұлағынан нәр алған,

Даналар өсиетінен тәрбие алған,

Ұлылар өсиетіне тағзым еткен

Қыранын қырға ұшырған,

Қонағына қымыз ұсынған.

Ақыны мен әншісін әлпештеген

Дана халықтың ұрпағымыз — олай болса ауылдың өнерлі азаматтары, қыз-жігіттер жиналып қалған екенбіз, арамызда Рапхат пен Құштар да келіпті кәне, екеуін ортаға шақырайық! Қазақ халықының  әндерінен ән айтыс орындалады.

Жиылған жұрт: (Бәрекелді! О не дейді-ай! Ой де – деп шуылдасып, қол соғып өнерпаздарға шабыт беріп отырады). (Осыдан кейін жиылғандардың ішінен іргелес көршілері /Қытай, Татар, Орыс, Украин/ кезекпен өз тіліндерінде келген ниеттерін білдіріп, тілектерін айтып, өз өнерлерінен шашуларын тарту етеді).

Ауыл адамы: Бәрекелді! Игі жақсылар, өнерпаздар жиналған екенбіз киелі өнеріміздің бірі – айтысқа да бет бұрсақ, қыз-жігіттер айтысын көрсетіп жіберейік.

Жігіттер: Қыздар айтысуға дайын болса, біздер дайынбыз – (деп жігіттер айтысты бастап кеттеді).

Шын жүйріктің аяғы шалыспайды,

Сұраспаған білісіп таныспайды-ау ай.

Ынтымақсыз ауылдан ырыс қашар,

Көріспеген ағайын алыстайды-ауай.

Қыз-келіншектер:

Ай болмаса аспанда адасады,

Көтермесе көңілді кір басады.

Жақсылардың кеудесі алтын сандық,

Кілт болмаса сандықты кім ашады.

Жігіттер:

Өрге қарсы шабалмай қалшылдаған

Баға бар ма бәйге атта қамшылаған.

Жарқырап өт дүниеден ақ алтындай,

Көзің жасын көрсетпей тамшылаған.

Қыз-келіншектер:

Қаратаудың басында бір топ киік,

Жан-жағына қарайды басын иіп.

Мінез-құлқың халыққа жағар болса,

Төбең көкке тұрады күнде тиіп.

Бәрі бірге: Ахау керім,

Бұраң белім

Күнде жиын, күнде той

Жүрген жерің-ай.

Жігіт: Ал, жігіттер, қыздар күн де кешкіріп қалған екен!? Олай болса, қуаныш қуанышқа жалғасып, той тойға ұласа берсін! Барлығымыз жиналып «Ақсүйек» ойынын ойнайық.

(Осы кезде музыка қаттырақ қойылып адамдар үйді-үйіне жастар «Ақсүйек» ойынын ойнауға тарасады).

ПОДЕЛИТЬСЯ

Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы, чтобы разместить комментарий.